“Қаршадайымыздан қара жұмысқа жегілдік. Балалық шақ деген не екенін білмедік. Ата -анамызға еркелеп, ауыл балаларымен асыр салып жүрген бізді соғыс деген дүлей кеп, бір-ақ күнде есейтті» деген қария бір сәт үнсіз қалып, кәрі жанарын алысқа тіктеп, зұлмат жылдардағы ауыр естеліктерін есіне түсіріп, күрсініп алды. Mangystaumedia.kz сайты қариямен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынады.
«Ол заман қайта болмасын, ұрпағымның келер күні соғыссыз, тыныштық пен молшылықта жалғассын» деп қарт көңіл бір босап, бір ширап, әңгімесін қайта жалғастырды.
«Мен Жаманқұлқызы Тәрбия 1932 жылы Форт Шевченкода дүниеге келдім. Соғыс басталған жылдары бастауыш сынып оқушысы едім. Ауылдағы ер азаматтардың барлығы соғысқа аттанып жатты. Еңбекке жарамды азын -аулақ ер адам қалды. Қалғаны өңшең әйел, бала -шаға, қарт кісілер. Біздерді естияр деп еңбекке ерте араластырды. Аташта балық зауыты болды. Қыстың күні жаяу сонда алып барады. Ол уақытта қар қалың жауады. Кигеніміз қайбір қонышы ұзын етік, аяқта аласа бәтеңке, оған қар кіріп, су болып, аяғымыздың басы тоңғаннан, шылқылдаған судан күмп болып ісіп кетеді. Аташқа барып, балық іріктейміз. Зауыттың қара жұмысына қол керек. Ауылда бас көтерер, өндіріп жұмыс жасайтын азамат қалмаған. Амал жоқ, балаларды жұмысқа жекті. Ол уақыттың рахаты болған жоқ. Қан майданның салмағын үлкен-кіші демей барлығымыз тарттық қой. Бір түйір үзім нан біз үшін байлық болатын. Қазір адамдар таңдағанын жейді ғой, біз табылғанын жейтінбіз»,- деп Тәрбия әже даусы дірілдеп, әңгімесін кідіртті.
Соғыс өрті лап еткен 1941 жылдың маусымы қазақтың талай шаңырағын күңірентіп,күйретті. Жауға кеткен жауынгерлерінен қара қағаз келіп, талай үйдің оты сөнді. Қанды тарихтың қиямпұрыс жылдарының қиындығын арқасына артқан сол кездегі балалардың, бүгінде қатары сирек. Соғыстан қайтқан солдаттар да жазылмас жарасын өздерімен бірге көміп, саны азайып, сарқылды. Ендігі жас ұрпақтың құрмет тұтары, соғыс тарихының тірі куәгерлері – тыл ардагерлері. Соғыс балаларының да бүгінде жасы тоқсаннан асты.
Балалығын қасіретті жылдар ұрлаған буынның басынан кешкен ауыр шақтарына баянсыз өмірдің боямасыз шындығындай әжім басқан жүздері, еңбек табы қалған қос алақандары куә.
«Қазір үлкейдім. Көп нәрсені ұмытып та қаламын. Бірақ ұмытылмайтыны – соғыстың тауқіметі. Әке- шешелеріміздің қан майдан үшін жанын бере жұмыс жасап, тартқан азаптары ұмытылмайды. Менің әкем Жаманқұл деген кісі. Кеңес, партия қызметкері болып жұмыс істеді. Кавказда түрік майданының қара жұмысында болды. 1933 – 1937 жылдары Баутин балық заводында басшылық қызмет атқарды. Ағасы Сатанқұл деген кісі інісін орыс мектебіне беріп, байдың балалары оқитын техникумда оқытқан екен. Сол оқудың арқасында әкем сауатты болды. Әкемізден 11 ағайындымыз. Оның жетеуі -қыз, төртеуі- ұл. Содан қазір Дариға деген Қарағандыға тұрмысқа шыққан сіңлім екеуіміз қалдық. Қалғандары о дүниелік болды. Бәрінің ұрпағы бар, үйлі боранды болып, артында немере шөберелері қалды»,- дейді Тәрбия әжей.
Тәрбия әже – бір кездері Форт -Шевченконың қалыптасуына ықпал еткен, 1917 жылдары Адай уезіндегі Жеменей болысын басқарған, жастайынан оқу -білімге құштар, жазу -сызуға сауатты болған, «Қызыл металлист» артелінің төрағасы, ауылдық кеңес қызметін атқарып, мың үйді басқарған Жаманқұл Тәжиевтің қызы. Ал атасы Тәжі Форт Шевченко қаласында айдауда жүрген Украина халқының ұлы ақыны Тарас Шевченкомен дос болып, қазіргі Тарас бағын бірге жайқалтып, ағаш егіп, бау -бақша баптаған бағбан болған. Кейін баласы Жаманқұл жазушы Сәбит Мұқановқа Т.Г. Шевченко туралы әкесі айтқан естеліктерді айтып, Маңғыстаудың жер суы туралы деректерді жеткізіп, Форт Шевченконың қалай құрылып, қандай тарихи оқиғаларды бастан кешкенін баяндап берген екен.
Әр заман өз қаһармандарын толғатады. Әр заманның өзінің қасірет-қуанышы бар. Ол дәуірде туылғаны үшін, сол уақыттың лебімен тыныстап, ырғағына үн қосқаны үшін ешкім де айыпты болмақ емес. Тәрбия әже әкесі, атасы туралы сөз еткенде көзіне жас алып, жанының терең түкпірінде жасырынған сағынышын шығарғандай толқыныс күйін кешті.
«Ол уақытта тәрбие басқа. Қыз балаға тыйым көп. Үйдегі жеті қыздың жетеуі де орнымен бой жетті, жолымен тұрмысқа кетті. Жұмысқа барсақ тіке барып, тіке келеміз. Әкеміз әр қызынан үнемі хабар алып отыратын. Әрқайсысының жұмысқа орналасуын, қоғамдық қызметке араласуын қалады. Соғыспен бірге жетілдік, соғыспен бірге бой түзедік. Ауыр еңбекке тартылып, шаруа жасап өстік. Есейгенде еңбек жолымды ауылда кітапханашы болып бастадым. Ол жерде 3 жыл жасап, кейін «Гострак» мекемесіне өздерінің шақыртуымен инспектор болып жұмысқа тұрдым. Сырттай есепші мамандығына оқу бітіріп алдым.
1956 жылы жаңай руына келін болып түстім. Жолдасым - Қайырхан Өтепбергенов Форт Шевченкода киномеханик болып қызмет етті. 48 жыл бірге өмір сүрдім. 3 ұл, 4 қызды болдық. Бәрін оқытып, тоқыттық. Қазір кіші ұлым Амандық пен келінім Кәмшаттың қолындамын. Серік Өтепбергенов деген ұлым заңгерлікті оқыды, Қарақияда нотариус болып қызмет етті, 67 жасында қайтыс болды, балалары сонда тұрады. Бекен деген ұлым Украинадан оқып келді, көп жылдар милиция болып қызмет етті, қазір Жетібайда тұрады, «Камхоз» мекемесінің бастығы болып қызмет етеді. Ұлымның кішісі -Амандық мұнай мекемесінде бұрғышы. Қыздарымның екеуі қазір зейнеткер. Үлкені Мария Атырау қаласында тұрады, техникумда сабақ берді, технолог болды, Екінші қызым Маңдайлы НГДУ мекемесінде инженер болып қызмет етті. Қазір екеуі де зейнетте. Кіші қызым Райхан Алматы қаласында, бас есепші маман қызметінде. Бәрі балалы шағалы, шүкір, көз алдымда жапырағым жайылып, бәрі аман -есен күн кешіп жатыр. Осы күніме де тәуба. Біз көрген жоқшылық та, қиыншылық та бізбен бірге кетсін» - дейді Тәрбия әже.
Биылғы Жеңістің жетпіс тоғызыншы көктемін қарсы алғалы отырған Тәрбия әже «Ұлы жеңіске - 70 жыл» , «Ұлы Жеңіске -75 жыл» мерекелік медалдарымен, облыс, аудан әкімдерінің Алғыс хаттарымен марапатталған.
Кешегі күркірегендей күндей боп өткен соғыстың суық лебі олардың балаң иықтарына тағдыр тауқіметін жүктеді. Ересектермен бірдей ауыр жұмыс жасатты. Қалталарын қағып тұрып қан майданға бар азық түлікті жіберіп отырған жұмысшы топтың құрамында тұлымшағы желкілдеп олар да жүрді.
Иә, ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды. Бүгінгі ұрпақтың бейбіт күні үшін ерге бергісіз елдік істер жасаған, балалығын соғыс ұрлаған аналарымыз бен әкелеріміздің ерен ерліктерінің жыл өткен сайын қадір қасиеті арта бермек.